Mozilla ұйымының деректер жекелігі туралы ЖҚС

Біз табыстан гөрі адам мүддесін жоғары қоямыз.

Адамдарға бүгінгі таңда қолданатын кез келген бағдарламалық қамтамадан немесе қызметтерден нені күтуге болатынын білу қиын болуы мүмкін. Өмірімізді қамтамасыз ететін технология күрделі, ал адамдардың егжей-тегжейлерді зерттеуге уақыты жоқ. Бұл Firefox үшін де өзекті, өйткені біз адамдардың браузер ішінде не болып жатқаны туралы көптеген түрлі ойлары бар екенін байқаймыз.

Mozilla компаниясында біз сіздің жеке ақпаратыңызды құрметтейміз және қорғаймыз:

  • Біз Firefox жұмыс үстелі және мобильді браузерлеріндегі жекелікке деген көзқарасымызды айқындайтын Деректер жекелігі қағидаларын ұстанамыз.
  • Біз ең жақсы өнімдерді жасау үшін тек қажетті деректерді ғана жинауға тырысамыз.
  • Біз адамдарға өз деректерін және онлайн тәжірибесін бақылауға мүмкіндік беру үшін жұмыс істейміз.
  • Біз «күтпеген жағдайлардың болмауы» қағидасын ұстанамыз, бұл адамдардың Firefox туралы түсінігі шындыққа сәйкес келуін қамтамасыз ету үшін барынша жұмыс істейтінімізді білдіреді.

Келесі сұрақтар мен жауаптар сізге Mozilla мен Firefox браузерінен нені күтуге болатынын түсінуге көмектесуі тиіс:

Мен интернеттегі барлық дерлік әрекеттерім үшін Firefox қолданамын. Сіздер, Mozilla қызметкерлері, мен туралы өте көп нәрсе білетін шығарсыздар, солай ма?

Mozilla адамдардың интернетті қалай шолатыны туралы сіз ойлағаннан әлдеқайда аз біледі. Құрылғыңызда немесе компьютеріңізде жұмыс істейтін Firefox веб-браузері — бұл сіздің интернетке шығу жолыңыз. Браузеріңіз сіз кіретін веб-сайттар туралы көптеген ақпаратты басқарады, бірақ ол ақпарат әдетте тек құрылғыңызда сақталады.

Интернеттегі әрбір компания менің деректерімді сатып алып, сатып жатқан сияқты. Сіздердің де айырмашылықтарыңыз шамалы шығар.

Біз ешқашан сіздің жеке деректеріңізді сатпаймыз. Жеке ақпаратыңызды жинап, содан пайда табатын басқа ірі технологиялық алпауыттардан айырмашылығымыз — біздің жүйеміз бастан-аяқ жекелік қағидасына негізделген. Біз сіздің жасыңызды, жынысыңызды, нақты орналасқан жеріңізді немесе "Big Tech" компаниялары жинап, табыс көзіне айналдыратын басқа да ақпараттарды білмейміз.

Күте тұрыңыз, сонда қалай ақша табасыз?

Mozilla — әдеттегі ұйым емес. 1998 жылы қауымдастықтың бастапқы коды ашық жобасы ретінде негізі қаланған Mozilla — анағұрлым сау интернет құру жолында жұмыс істейтін, миссияға негізделген ұйым. Mozilla Corporation табысының басым бөлігі дүниежүзі бойынша Firefox веб-браузеріндегі іздеу серіктестіктері мен тарату мәмілелері арқылы алынған роялтиден құралады. Біздің қалай табыс табатынымыз туралы толығырақ жылдық қаржылық есептемемізден біле аласыз.

Жақсы, алғашқы сұрақтар оңай болды. Ал сіздер қандай деректерді жинайсыздар?

Mozilla әдепкі бойынша Firefox браузерінен адамдардың оны қалай қолданатынын түсінуге көмектесетін шектеулі деректер жиынтығын жинайды. Бұл туралы толығырақ біздің жекелік ескертуімізден және сол деректерді жинау туралы толық құжаттамадан оқи аласыз. Сондай-ақ, біз айтқандарымыздың шындық екенін кез келген адам тексере алуы, нені жақсарту керектігін айтуы және біздің ештеңе жасырмайтынымызға сенімді болуы үшін құжаттамамызды көпшілікке қолжетімді етеміз.

Firefox браузерінің алдын ала шығарылым нұсқаларында көбірек дерек жинайсыз ба?

Белгілі бір деңгейде. Жоғарыда сипатталған деректерге қоса, біз Firefox браузерінің алдын ала шығарылым нұсқаларында әдепкі бойынша қателер мен істен шығулар туралы есептерді алып тұрамыз.

Біз сондай-ақ зерттеулеріміздің бірі үшін шығарылым алдындағы кезеңде қосымша деректер жинауымыз мүмкін. Мысалы, кейбір зерттеулер біз «шолу деректері» деп атайтын ақпаратты талап етеді, оған URL адрестері мен белгілі бір веб-сайттар туралы басқа да мәліметтер кіруі мүмкін. Бұл бізге Firefox өнімін жақсарту үшін нақты сұрақтарға жауап беруге көмектеседі, мысалы, танымал веб-сайттарды нақты аймақтарда қалай жақсырақ интеграциялау керек екендігін анықтауға мүмкіндік береді.

Mozilla ұсынған Firefox браузерінің шығарылым алдындағы нұсқалары — эксперименттік функциялармен жиі жаңартылып тұратын әзірлеу платформалары. Осы эксперименттік функциялардың қалай жұмыс істейтінін түсіну үшін, біз шығарылым алдындағы кезеңде шығарылымнан кейінгіге қарағанда көбірек деректер жинаймыз. Бұл деректердің жиналуынан баптаулар бөлімінде бас тартуға болады.

Бірақ неліктен сіз қандай да болсын деректерді жинайсыз?

Егер браузердің қалай жұмыс істейтінін немесе адамдардың қай функцияларды қолданатынын білмесек, біз оны жақсарта алмаймыз және сіз қалаған тамаша өнімді ұсына алмаймыз. Біз адамдардың жекелігін сақтай отырып, өнім туралы дұрыс шешім қабылдауға мүмкіндік беретін деректерді жинау және талдау құралдарын жасауға қаражат салдық. Сіз біз қолданатын жекелікті сақтау технологиялары (мысалы, OHTTP) туралы толығырақ оқи аласыз.

Деректерді жинау әлі де мені мазалайды. Оны сөндіре аламын ба?

Иә. Пайдаланушының бақылауы — біздің деректер жекелігі қағидаларымыздың бірі. Біз мұны Firefox ішіндегі жекелік баптаулары бетінде іске асырамыз, ол Firefox-тағы өз жекелігін басқарғысы келетін кез келген адам үшін орталықтандырылған орын болып табылады. Ол жерде сіз деректер жинауды сөндіре аласыз.

Ал менің тіркелгі деректерім ше?

Біз деректерді азайтуға үлкен мән береміз және қажет емес нәрселерді сұрамаймыз.

Firefox пайдалану үшін тіркелгі қажет емес. Деректерді құрылғылар арасында синхрондау үшін тіркелгісі қажет, бірақ біз тек электрондық пошта адресіңізді және жасыңызды (тек бала емес екендігіңізге көз жеткізу үшін) сұраймыз.

Сіз маркетингтік кешеніңіздің құрамдас бөлігі ретінде цифрлық жарнаманы пайдаланасыз. Онлайн-жарнамаңыздың таргетингін жақсарту үшін адамдардың деректерін сатып аласыз ба?

Жоқ, біз жарнаманы мақсатты пайдалану үшін адамдардың деректерін сатып алмаймыз.

Біз жарнамалық серіктестерімізден веб-сайттар мен баспагерлерге барлық пайдаланушылар туралы белгілі тек бірінші тарап деректерін, мысалы, сіз пайдаланып отырған браузер мен құрылғы туралы ақпаратты ғана пайдалануды сұраймыз.

Сонымен, құпиялылық мәселелерінде менің мүдделерімді толықтай қорғайтыныңыз байқалады.

Иә, біз солай істейміз.

Mozilla интернетті қалай қорғайтыны туралы толығырақ біліңіз.