Mozilla манифесінің қосымшасы
Салауатты интернет үшін күресуге уәде береміз
Ашық, жаһандық интернет — біз бұрын-соңды көрген ең қуатты байланыс және ынтымақтастық ресурсы. Ол адамзат прогресіне деген ең терең үміттеріміздің кейбірін бейнелейді. Ол білім алуға, ортақ адамзаттық сезімді қалыптастыруға және барлық жерде адамдар кездесетін өзекті мәселелерді шешуге жаңа мүмкіндіктер береді.
Соңғы онжылдықта біз бұл уәденің көптеген жолдармен орындалғанын көрдік. Сондай-ақ біз интернеттің күші жікшілдікті күшейтуге, зорлық-зомбылыққа итермелеуге, өшпенділікті насихаттауға және фактілер мен шындықты әдейі бұрмалауға пайдаланылғанын көрдік. Біз интернеттегі адам тәжірибесіне қатысты өз ұмтылыстарымызды нақтырақ баяндауымыз керек екенін түсіндік. Біз мұны қазір жасаймыз.
- Біз жер бетіндегі барлық халықтарды қамтитын интернетке ұмтыламыз — онда адамның демографиялық сипаттамалары оның онлайн қолжетімділігін, мүмкіндіктерін немесе тәжірибе сапасын анықтамайды.
- Біз өркениетті пікірталасқа, адамдық абыройға және жеке пікір білдіруге ықпал ететін интернетке ұмтыламыз.
- Біз сыни тұрғыдан ойлауды, негізделген дәлелдерді, ортақ білімді және тексерілетін фактілерді алға тартатын интернетке ұмтыламыз.
- Біз ортақ игілік үшін бірлесіп жұмыс істейтін әртүрлі қауымдастықтар арасындағы ынтымақтастықты ынталандыратын интернетке ұмтыламыз.
Біздің 10 қағидатымыз
-
1-қағидат
Интернет — заманауи өмірдің ажырамас бөлігі, ол білім беру, байланыс, ынтымақтастық, бизнес, ойын-сауық және жалпы қоғамның негізгі құрамдас бөлігі болып табылады.
-
2-қағидат
Интернет — ашық және қолжетімді болуы тиіс жаһандық қоғамдық ресурс.
-
3-қағидат
Интернет жеке адамдардың өмірін байытуы тиіс.
-
4-қағидат
Жеке тұлғалардың интернеттегі қауіпсіздігі мен жекелігі іргелі мәселе болып табылады және оған міндетті емес нәрсе ретінде қарамау керек.
-
5-ші қағидат
Жеке тұлғалардың интернетті және ондағы өз тәжірибелерін қалыптастыруға мүмкіндігі болуы тиіс.
-
6-қағидат
Интернеттің қоғамдық ресурс ретіндегі тиімділігі өзара әрекеттестікке (протоколдар, деректер форматтары, мазмұн), инновацияларға және бүкіл әлем бойынша орталықсыздандырылған қатысуға байланысты.
-
7-қағидат
Еркін және ашық бастапқы коды бар бағдарламалық қамтама интернеттің қоғамдық ресурс ретінде дамуына ықпал етеді.
-
8-қағидат
Қоғамдастыққа негізделген ашық процестер қатысуды, есеп беруді және сенімді арттырады.
-
9-қағидат
Интернеттің дамуына коммерциялық қатысу көптеген пайда әкеледі; коммерциялық пайда мен қоғамдық игілік арасындағы теңгерім өте маңызды.
-
10-қағидат
Интернеттің қоғамдық игілік аспектілерін арттыру — уақытты, көңіл бөлуді және адалдықты талап ететін маңызды мақсат.